+A A -A
ҚазақшаРусскийEnglish

15.10.2020Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету

Нұр-Сұлтан, Алматы,
Шымкент қалаларының
және облыстардың
бiлiм басқармалары

Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi өз құзыретi шегiнде сiздердiң назарларыңызға келесi ақпаратты ұсынады:

Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту жүйесiн нормативтiк құқықтық қамтамасыз етуге қатысты

Мектеп жасына дейiнгi балалардың жасын балаларды 1-сыныпқа алты жастан бастап қабылдау жөнiнде «Бiлiм туралы» ҚР Заңының (бұдан әрi — Заң) 31-бабының нормасына сәйкестендiру мақсатында мектепке дейiнгi бiлiм берудiң нормативтiк құқықтық актiлерiне (бұдан әрi — НҚА) өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi.

ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы бұйрықтарымен келесi НҚА:

2020 жылғы 5 мамырдағы № 182 бұйрығымен Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарты;

2020 жылғы 12 мамырдағы № 195 бұйрығымен Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың үлгiлiк оқу жоспарлары;

2020 жылғы 24 қыркүйектегi № 412 бұйрығымен Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың үлгiлiк оқу бағдарламасы;

2020 жылғы 18 мамырдағы № 207 бұйрығымен Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгiлiк қағидалары;

2020 жылғы 15 сәуiрдегi № 143 бұйрығымен Мектепке дейiнгi ұйымдарға арналған бiлiм беру қызметiн көрсетудiң үлгiлiк шарты бекiтiлдi.

2020 жылғы 19 маусымдағы № 254 бұйрығымен Мектепке дейiнгi бiлiм беру саласында мемлекеттiк қызметтер көрсету қағидалары бекiтiлдi.

Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрiнiң 2020 жылғы 5 шiлдедегi № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығымен «Мектепке дейiнгi ұйымдарға және сәбилер үйлерiне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына қосымша енгiзiлдi.

Тәрбиеленушiлердiң апталық оқу жүктемесiне және айлық жалақыны есептеу үшiн мектепке дейiнгi ұйым педагогтерiнiң, сондай-ақ мектепалды даярлық топтары мен сыныптары педагогтерiнiң нормативтiк оқу жүктемесiне қатысты

Заңның 30-бабына сәйкес 1-сыныпқа қабылданғанға дейiн балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейiн мектепке дейiнгi ұйымдарда, мектепалды даярлық 5 жастан бастап отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды даярлық сыныптарында жүзеге асырылады.

Тәрбиеленушiлердiң оқу жүктемесiнiң ең жоғары көлемiне қойылатын талаптар Үлгiлiк оқу жоспарларында белгiленген:

оқыту қазақ тiлiнде жүргiзiлетiн балалар үшiн:

ерте жас тобы (1 жастан бастап) –7 сағ.;

кiшi топ (2 жастан бастап) –9 сағ.;

ортаңғы топ (3 жастан бастап) — 11 сағ. және 1 сағ. вариативтi компонент — барлығы 12 сағ.;

ересек топ (4 жастан бастап) — 12 сағ. және 2 сағ. вариативтi компонент — барлығы 14 сағ.;

мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) — 17 сағ. және 3 сағ. вариативтi компонент — барлығы 20 сағ.;

оқыту орыс тiлiнде жүргiзiлетiн балалар үшiн:

ерте жас тобы (1 жастан бастап) — 7 сағ.;

кiшi топ (2 жастан бастап) — 9 сағ.;

ортаңғы топ (3 жастан бастап) — 11,5 сағ. және 0,5 сағ. вариативтi компонент — барлығы 12 сағ.;

ересек топ (4 жастан бастап) — 12,5 сағ. және 1,5 сағ. вариативтi компонент — барлығы 14 сағ.;

мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) — 18 сағ. және 2 сағ. вариативтi компонент — барлығы 20 сағ.

«Педагог мәртебесi туралы» ҚР Заңының 8-бабының нормасына сәйкес мектепке дейiнгi ұйымдарда, оның iшiнде мектепалды топтарында және бiлiм беру ұйымдарының мектепалды сыныптарында кәсiптiк қызметiн жүзеге асыратын педагогтердiң айлық жалақысын есептеу үшiн бiр аптаға нормативтiк оқу жүктемесi 24 сағатты құрайды.

Бiр аптадағы 24 сағат жүктемеге сәйкес мектепке дейiнгi ұйымның, оның iшiнде мектепалды тобының және орта бiлiм беру ұйымының мектепалды сыныбының педагогi жас кезеңiн негiзге ала отырып, келесi функцияларды орындайды:

- Үлгiлiк оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметiн өткiзедi;

- перспективалық жоспар мен циклограмма құрастырады;

- сабақ өткiзу үшiн дайындық жұмысын жүзеге асырады;

- режимдiк сәттердi (таңертеңгi қабылдау, ертеңгiлiк гимнастика, тамақтандыру, балалар қызметiнiң түрлерi (ойын, шығармашылық, танымдық, эксперимент, дербес және т. б.), серуен, күндiзгi ұйқы, жеке жұмыс, сауықтыру iс-шаралары және т. б.) ұйымдастырады және өткiзедi;

- балалардың бiлiктерi мен дағдыларының дамуын қадағалайды;

- ата-аналармен жұмыс жүргiзедi;

- бiлiм беру ұйымдарында өткiзiлетiн iс-шараларға (жиналыстар, педагогикалық кеңестер, әдiстемелiк кеңестер, конкурстар және т.б.) қатысады;

- ертеңгiлiктердi, балалардың бос уақытын, спорттық iс-шараларды және т.б. ұйымдастырады және өткiзедi.

Жоғарыда баяндалғандардың негiзiнде мектепке дейiнгi ұйым педагогтерiнiң, оның iшiнде мектепалды топтардың және мектептердегi, лицейлердегi, гимназиялардағы мектепалды сынып педагогтерiнiң жалақысы «Педагог мәртебесi туралы» ҚР Заңының нормасына сәйкес 24 сағат тарификациялық мөлшерде төленедi.

Вице-министр Ш. Каринова

Яндекс.Метрика