30.05.2019Мектепке дейiнгi ұйымдарда 2019-2020 оқу жылында бiлiм беру процесiн ұйымдастыру бойынша әдiстемелiк-нұсқау хат жобасын талқылау бойынша он-лайн тәртiбiнде өткен республикалық вебинарға қатынасушылардың ұсынымдары
Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың негiзгi мiндетi мазмұнды жаңарту және тәрбие мен оқыту үдерiсiне жаңа технологияларды енгiзу негiзiнде сапаға қол жеткiзу болып табылады.
Қазақстан Республикасында бiлiм берудi және ғылымды дамытудың 2020 — 2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру және мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында «Мектепке дейiнгi ұйымдарда 2019-2020 оқу жылында бiлiм беру процесiн ұйымдастыру» бойынша әдiстемелiк-нұсқау хат жобасы әзiрлендi.
Республиканың мектепке дейiнгi ұйымдарының 2019-2020 оқу жылында меншiк нысанына қарамастан барлық түрлерiнде бiлiм беру процесi балаларды мектепте оқуға табысты дайындауға, сапалы бiлiм беру қызметiн ұсынуға 4К моделiне бағдарланған бiлiм беру процесiн жетiлдiруге (креативтiлiктi, сыни ойлауды, коммуникабельдiлiктi және командада жұмыс iстей бiлудi дамыту), тәрбиеленушiлердiң функционалдық сауаттылығын дамыту, патриоттық сезiмi жоғары жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Әдiстемелiк-нұсқау хаттың мазмұны мектепке дейiнгi және бастауыш бiлiм берудiң сабақтастығы мен үздiксiздiгiн қамтамасыз етуге, балаларды ерте жастан дамытуға, олардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мiндеттерiн шешуге бағытталған қауiпсiз бiлiм беру ортасын құруға, зияткерлiк және дене дамуына қажеттi жағдай жасауға бағытталған. Осы құжат арқылы тәрбиелеу мен оқыту үдерiстерiн ұйымдастыру жүзеге асырылады және мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың тәрбиелiк, дамытушылық және оқыту мiндеттерiнiң бiрлiгi қамтамасыз етiледi.
Вебинар жұмысына орталық өкiлдерi, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстық бiлiм басқармаларының мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға жауапты мамандары мен әдiскерлерi, барлық өңiрлердегi мектепке дейiнгi ұйымдарының жетекшiлерi мен педагогтары қатысты.
Вебинар жұмысында жаңа 2019-2020 оқу жылында мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту мазмұнындағы басым бағыттары талқыланып, осы мәселелер бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Республикалық вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынымдар қабылдады.
«Мектепке дейiнгi балалық шақ» Республикалық орталығына:
- мектепке дейiнгi ұйымдардың тәрбиелеу — оқыту үдерiсiн қажеттi әдiстемелiк ұсынымдармен, құралдармен, оқу-әдiстемелiк кешендермен қамтамасыз ету;
- мектепке дейiнгi ұйым педагогтарына жүйелi түрде әдiстемелiк көмектер көрсету;
- мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту сапасын жетiлдiру бойынша жүйелi түрде республикалық және аймақтық шаралар өткiзу;
- мектепке дейiнгi ұйымдардың таңдаулы педагогтарының тәжiрибелерiн жинақтау және тарату.
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының бiлiм басқармаларына:
- мектепке дейiнгi сапалы тәрбие мен оқытуды қамтамасыз ету бойынша облыстық шаралар өткiзу;
- мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту мазмұнының бiртұтастығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша тұрақты түрде педагогикалық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру;
- жаңа 2019-2020 оқу жылына сапалы дайындықты ұйымдастыру.